
Абай БЕГЕЙ
әнші:
ӘНІМ ЖАМАН БОЛСА, ТИМАТИ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТПАС ЕДІ
– Роза Рымбаеваның сынын естігенде «әншілікті тастаймын» деген екенсіз...
– Иә, әншілікті біржола қояйын дедім. Өнер жолына келмей тұрғанда басқа бизнеспен айналысқанмын. Мекемелерге өз меншігімдегі жүк көліктерін жалға беріп ақша табатынмын. Екі жылдың көлемі болды, үлкен қызымның есімімен «Ерке» деген сән салонын аштық. Он сегіз адам жұмыс істейді. Тігінші, бет әрлеуші, фотографқа дейін бар. Ол жердің шаруаларымен үйдегі жеңгеңіз айналысады. Атқаратын жұмыстарым көп. Бірақ өнерге келгеннен кейін халықты алдап кетпейін деп ойладым. Біреуді артқа қалдырайын, біреуден басып озайын деген менің жаман пиғылым жоқ. Өткенде Ақтөбеден «Өнерді бізге берсеңізші, аға» деп бір жігіт хат жазыпты. «Кел, орынды берейін. Өнер бәріне ортақ. Тіптен көмектесейін» дедім. Мен біреудің өнерін тартып алып жүрген сияқтымын. Кейде осындай сөздер шаршатып жібереді. Қазір «Аспанға қараймын» әнімен қазақ халқына танылған кубалық екі жігітпен төрт ән жазып жатырмын.
– Алматыға қалай келдіңіз? Жалғыз өзіңізге үлкен мегаполиске үйрену қиын болған жоқ па?
– 2008 жылы Ақтауда Ұлықпан Жолдасов ағамен бір тойда кездесіп қалдым. Мені Алматыға сол кісі шақырды. Алғаш «Хабар» телеарнасындағы «Бинго» телешоуына «Достар» әнімді айтып шыққаннан кейін хабарласушылар пайда болды. Мүмкіншіліктер туа бастады. Бірақ арасында Ақтауға кетіп қалып жүрдім. Өйткені отбасым сол жақта. Үш айдан соң Алматыға қайтып келдім. Бірнеше ән жаздырдым, бірақ ешқайсысы хит болмады. Ұлықпан ағаның айтуымен бір жыл вокалдан сабақ алдым. «МузАрт» тобының студиясында ән жаздырдым. Уақытым тек осында өтетін. Қызық болғанда, «Аспанға қараймын» әнін сатып алғым келмеген. Сонда Ұлықпан аға: «Осы әнді сен айтсаң, хит болатын сияқты», – деді. Көңіліне қарап алған болатынмын. Өнер жолында бір әнмен танылып кету мүмкін емес. Қиын болды. Жалғыз өзім әл-Фараби көшесінде пәтер жалдап тұрдым. Үйден Саин мен Төле би көшелерінің қиылысында орналасқан Ұлықпан ағаның студиясына жаяу баратынмын. Бір сағат жол жүремін. Көлікке мінетін ақшам жоқ. Сонда жаяулатып бара жатып, «Не істесем екен? Әншілікті біржола қоя салайын ба?» деп те ойланатынмын. Аллаға шүкір, Дәуір Сағындықовтың «Аспанға қараймын» әні менің жолымды ашты. Бірақ 2012 жылы әнді сатып алуға ақшам болмады. Жаңабай деген бір кісіден «Бір аптадан соң қайтарамын» деп 30 мың теңге ақша сұрадым. Сол ақшамен Ақтауға барсам, үйдегілердің де жағдайы мәз емес екен. Айтқан уәдемді орындай алмағаннан кейін ана кісіге хабарласып: «Жәке, менде «Аспанға қараймын» деген жақсы ән бар. Соны ақшаның орнына балаңызға берейін», – дедім. Өйткені ол кісінің баласы да – өнерде жүрген жігіт. Бірақ оған келіспеді. Амал жоқ, үш адамнан 10 мың теңгеден қарыз алып, ақшасын әрең тауып бердім. Екі айдан кейін сол кісі: «Абай, алдындағы әнің тойларда айтылып жүр ғой. Соны 30 мың теңгеге сатсаңшы», – деді. Кеш қалғанын айттым. Мен сол кезде Ақтауға барғанымда бір тойда орындағанмын. Содан тарап кетіпті. Тіпті кейбіреуі телефондарына жазып алған. Бастапқы кезде тойларға 5-10 мың теңгеге шығып жүрдім. Бір ауқатты кісі: «Осы әнді тойымда орындап берсең, 500 доллар беремін», – деді. Қуана келістім. Сол тойдан кейін-ақ «Аспанға қараймын» хит болып кетті.
– Өнеріңізге түсіністікпен қарай білген жеңгеміз жайында да айта өтсеңіз...
– Нұржанат – өз ауылымның қызы. Көршім болды. Екеуміздің үйленгеніміз қызық. Келіншегімді анам Сәтен өзі алып берген. Ол кезде жасым он сегізде, бозбаламын. Басқа қызбен кездесіп жүргенмін. Анам ауруханада еден жуады, келіншегім екеуі жақсы араласатын. Үйге келіп тұратын. Ол қызға мен мүлдем мән бермейтінмін. Жігіт пен қыз болып та жүрмедік. Бір күні анам: «Осы қызға үйленуің керек», – деді. Ата-анамды тыңдап, қызға ұсыныс жасадым. Ол сөзімді күтіп жүрген болуы керек, бірден келісімін берді. Осылай ойда-жоқта үйленіп кеттім. Аллаға шүкір, жақсы отбасымыз. Қазір ойласам, негізі үлкен кісілер біледі екен. Анам екі жыл қатарынан қатты ауырды. Сол кезде келіншегім қасында болып, бар жағдайын жасады. Алла разы болсын. Анамның өмірден өткеніне бір жыл болды. Бәріміз мәңгілік емеспіз ғой, бірақ анаңды өлімге қимайды екенсің. Әр уақытта «Абай, Абай» деп мені жақсы көріп отыратын (көзіне жас алды). Кетерінде риза болып кетті. Шариғатта ата-ананың ризалығын алу керектігі жазылады. Мен соны жасай алдым деп ойлаймын. Отбасымның суретін сұрап отырсыз. Айып етпеңіз, газет-журналға бала-шағамның суретін бере алмаймын.
(Толық нұсқасын "Жұлдыздар отбасы" журналының №12 санынан оқи аласыздар)
Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН
|